Оралда 12 жастағы қыздың ауруханада көз жұмуына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 12 жастағы Дәмелі Абдрахманова қайтыс болды.

Фото: pexels.com

Туыстарының сөзіне қарағанда, қыз бала ауруханаға 28 маусым күні түскен. Оған іріңді баспа диагнозы қойылып, палатаға жатқызылған. Келесі күні жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған. 

Туыстары қыздың өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы мен жайбасарлығы себеп болған деп есептейді. 

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Kazinform тілшісі БҚО денсаулық сақтау басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.

Басқарма мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде тексеру жүргізіліп жатыр.

— Сот-медициналық сараптама әлі аяқталмағандықтан, өлімнің нақты себебі анықталған жоқ. Ресми ақпарат сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін берілетін болады, — делінген жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы ауруханада лифт жұмыс істемеуіне байланысты науқастарға қиын болып тұрғанын жазған едік.