ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 13 жасар қызды зорлады деген күдікпен тағы бір адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маусымның 11-інен 12-не қараған түні Орал қаласында оқушы қыз зорланғаны туралы жазған едік. Полиция ақпаратына сәйкес, оқиға жалдамалы пәтерде болған. Күдікті ретінде 16, 17 жастағы 4 жасөспірім ұсталған болатын.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен бүгін мәлім еткеніндей, күдікке тағы бір жас жігіт ілікті.
«Бұл күдікті кәмелетке толған. Алдын ала мәлімет бойынша ол қылмыс жасалған пәтерді жалға алған. Бесінші күдікті де уақытша ұстау изоляторына тоғытылып, сот санкциясымен екі айға қамалды. Тергеу жорамалы бойынша қызды пәтерге алдап шақырған. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).