ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында 14 жастағы баланы ұрған сатушы әйелге қатысты үкім шықты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға өткен жылғы 2 қарашада Ю. деген сатушының жұмыс орнында болған.
А. деген жасөспірім бутиктің шыны витринасына сүйеніп тұрған. Сатушының: «Шыны витринаға сүйенуге болмайды» деген ескертуіне құлақ аспаған бала балағат сөздер айтқан. Ақыры екеуінің арасында жанжал туындап, сотталушы жәбірленушінің оң жақ беті мен қолынан ұрған. Осыған байланысты бала денесін ауырсынып, моральдық зардап шеккен.
- Сотталушы өз кінәсін мойындады. Жәбірленушінің заңды өкілі оған қатаң жаза беруді сұрады. Сот ҚР ҚК 109-1-бабы 2-бөлігі 8-тармағына сәйкес Ю-ды кінәлі деп танып, оған 100 АЕК көлемінде, яғни 369,2 мың теңге айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сот талаптарын орындамаған департаментке шара қолданылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).