ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 17 жасар жасөспірім көлікті айдап кетіп, өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 21 тамызға қараған түнде болған.
2002 жылғы жасөспірім Орал қаласының 27 жасар тұрғынына тиесілі «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін айдап кеткен.
Жәбірленуші автокөлігін ауладағы тұраққа қойып, ішіне 150 мың теңгесін қалдырып кеткен.
Ұры қылмыстың ізін жасыру үшін көлікті бөлшектеп, өртеп жіберген. Көлік Хан тоғайы ауданынан өртенген күйінде табылды.
Ұсталған күдіктіден айғақ заттар (кілттер жиынтығы, медициналық көмек кітабы, доңғалақтар) тәркіленді.
Абай полиция бөлімі ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес (көлік айдап кету) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдердің пәтерге түсіп, азық-түлік ұрлағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).