ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында 4 студенттен тұратын қылмыстық топ құрықталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олар қаладағы сауда орталықтарының қызметкерлері мен оқу орындарының студенттеріне алаяқтық әрекеттер жасап, тонаушылыққа барып, ақша бопсалады деген күдікке ілініп отыр.
«Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, олардың колледж студенттері екені белгілі болды. Қылмыстық топқа қатысы бар басқа да адамдарды анықтап, ұстау бағытында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Осы қылмыстық топтан зардап шеккендер болса, полицияға хабарласу керек», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 25 жастағы тұрғынның супермаркетті тонап, 6 млн теңгені жымқырып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).