ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ер адам ашынасын қызғаныштан өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 5 қараша күні Д.Қонаев шағынауданында болды.
Сағат 15.10-да зорлықпен өлтірілген 40 жастағы әйелдің денесі табылды.
Ол басынан, белінен көптеген пышақ жарақатын алған.
Марқұмның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Жедел іздестіру шаралары барысында 42 жастағы ер адам анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Белгілі болғанындай, аталған екеу кездесіп жүрген. Екеуі пәтер жалдап, бірге арақ ішкен. Ақыры ер адам мас күйінде ашынасын қызғаныштан өлтірген.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қағып кеткен ер адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).