Оралда 57 жасар әйелді пышақтап кеткен күдікті ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұған дейін хабарланғанындай, Орал қаласында 13 сәуір күні 57 жасар Лариса Токареваны өз пәтерінде белгісіз біреу пышақтап кеткен болатын, соның салдарынан ол облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен хабарлауына, қылмысқа байланысты бірнеше жорамал қарастырылып, марқұмның тума-туыстарынан, тұрғындардан сұрау алынды. Алғашқы күндердің өзінде күдіктінің кім екендігі анықталды. Көп ұзамай Орал қаласының еш жерде жұмыс жасамайтын 24 жасар тұрғыны ұсталып, кінәсін мойындады. Ол сот қаулысымен қамауға алынды.