БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға 18 мамыр күні сағат 19:30-да болды.
Оның сөзіне қарағанда, оқиға орнында құтқарушылар мен ТЖД басқармаларынан қызметкерлер техникалармен жұмыс істеді.
— Сағат 20:32-де 2011 жылғы 9-сынып оқушысының денесі Көшім каналынан шығарылды. Жасөспірім арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен, — деді Елдос Батталов.
Бұл — осымен Орал қаласындағы екінші қайғылы оқиға. Бұдан бұрын 16 мамыр күні «Телеорталық» шағынауданы «Кристалл» саяжай қоғамында ересектердің қарауынсыз жағалауда ойнап жүрген 2014 жылғы бала Шаған өзеніне құлап, батып кеткен болатын.
Департамент мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 4 адам жауапкершілікке тартылып, оларға 91 824 теңге айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шомылуға арналған 34 орын белгіленгенін жазған едік.
Оралда 12 жастағы бала өзенге батып кетті.