ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автобус қағып кеткен жаяу жүргінші жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 16 тамыз күні Жәңгір хан көшесі бойында «Октан» жанар-жағармай құю стансасы маңында болды.
№3 бағытпен жүретін «DAEWOO» автобусының 31 жастағы жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан 1986 жылғы әйел адамды қағып кеткен.
Соның салдарынан жарақат алған әйел адам облыстық көпбейінді аурухананың жарақат пунктіне жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол жансақтау бөліміне жатқызылды.
Автобус арнайы тұраққа қойылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жансақтау бөлімінде жатқан әйел адамның жағдайы өте ауыр.
Еске сала кетейік, Оралда Тойота көлігі бутикке соғылып, жүргізуші жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).