ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 24 желтоқсан күні шамамен сағат 16.35-те Н.Назарбаев пен А.Карев көшелерінің қиылысында болды.
№12 бағытта жүретін жолаушылар автобусы мен «Мазда» жеңіл көлігі түйіскен. Жол апаты салдарынан үш адам медициналық көмекке жүгінді.
Сондай-ақ осы күні сағат 19.35-те Құрманғазы мен А.Карев көшелерінің қиылысында «Лада Приора» автокөлігінің жүргізушісі «Фольксваген Тигуанға» жол бермей, соқтығысқан.
Салдарынан «Лада Приора» арыққа түсіп кетсе, екінші көлік тұрғын үйге барып соғылған.
Осы екі оқиға бойынша полиция қызметкерлері жұмыс істеді, жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік аялдамаға соғысып, 64 жастағы жүргізушінің ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Фото: әлеуметтік желілер
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).