Оралда автокөлік қағып кеткен жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда автокөлік қағып кеткен жігіт жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 8 маусым күні болған. «Toyota Camry» автокөлігінің С.Тюленин көшесі бойындағы автобазар тұсында жаяу жүргіншіні қағып кеткені бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 13.39-да шақырылған. Жедел жәрдем көлігі 13.43-те жеткен. 1997 жылғы тұрғын басынан жарақат алған әрі миы шайқалған.

«Қазіргі кезде жігіт қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Есі әлі кірген жоқ, жағдайы ауыр»,- деді А.Сақпосынова.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес (ауыр дене жарақатын келтірген жол жүру ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.