Оралда автокөлікке соғылған мотоцикл жолаушысы көз жұмды

Фото: Фото: Instagram/mamochki_uralska_vmeste_new

Орал қаласында автокөлікке соғылған мотоцикл жолаушысы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 қыркүйек күні Ю.Гагарин көшесі бойында болды.

«Сағат 02.30-да 1976 жылғы жүргізуші «Лада 21723» автокөлігімен солға қарай бұрылу кезінде 18 жастағы жігіт айдап келе жатқан «Yamaha» мотоцикліне жол бермей, соқтығысқан. Соның салдарынан қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген мотоциклде отырған 2004 жылғы жігіт 21 қыркүйек күні сағат 01.40-та есін жия алмастан, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деп хабарлады ведомстводан.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, марқұм мотоцикл жолаушысы бола тұра, қорғаныс мотошлемін кимеген.

Соңғы кезде облыста мотоциклдер мен мопедтің жүргізушілері мен жолаушылары арасында жеке қорғаныс құралдарын кимей, жол-көлік оқиғаларына ұшырау деректері жиілеп отыр.

Осының алдында Бәйтерек ауданында жас қыз бен Орал қаласында мопед жүргізушісі мерт болды.

Жалпы, жыл басынан бері мотокөліктің қатысуымен 26 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 22-сі түрлі жарақат алды.

Мотокөлікті пайдалану ережелерін бұзу дерегі бойынша 60 мопед пен мотоцикл арнайы тұраққа қойылып, шлем кимегені үшін 10 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мотошлем кию көп жағдайда ауыр жарақаттардың алдын алып, аман қалуға септеседі.

Атап айтқанда, шлем қолдану бас жарақатын алуды 48, ауыр бас жарақатын 60, бас-ми жарақатын 53, бетін жарақаттауды 23 пайызға азайтар еді.

Сондықтан БҚО полиция департаменті мотоцикл мен мопед жүргізген кезде мотошлем қолдану қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 4 адам қаза тапқан жол апатынан кейін бір жігіттің жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.