БҚО-дағы 4 адам қаза тапқан жол апаты: бір жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

Батыс Қазақстан облысында 4 адам мерт болған жол апаты салдарынан ауыр жарақат алған 28 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жол апатынан кейін 1995 жылғы жігіт жедел жәрдем бригадасымен Орал қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.
«Аяқ-қолдары қозғалыссыз қалып, мойын тұсынан ауырсынған ер адам реаниматолог, хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлердің тексеруінен өтіп, шұғыл түрде жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Оған ота жасалды, жағдайы әлі де ауыр», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 автокөлік соқтығысып, 4 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қаза тапқандар арасында мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері болған.