ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда айыппұлын төлемеген тұрғын бес тәулікке қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Б. деген тұрғынның үш рет жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған жалпы сомасы 36075 теңге көлеміндегі айыппұлды төлеуден жалтарғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодесінің 669-бабына (сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) сәйкес іс қозғалды.
Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік соты Б-ны бес тәулікке қамаққа алу жөнінде шешім қабылдады.
Айта кетейік, әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында мұндай жұмыстар алдағы уақытта да күнбе-күн жалғасатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).