ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдан елордада өтетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне қатысу үшін автокеруен жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтың айтуынша, жәрмеңке 12-13 қыркүйек күндері өтеді.
Батыс Қазақстан облысынан жәрмеңкеге 85 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатыспақшы.
Нұр-Сұлтан қаласына барлығы 92 тонна өнім жеткізілмекші. Атап айтқанда, елордалықтарға 30 тонна сиыр және жылқы еті, 15 тонна шұжық пен қалбыр өнімдері, 10 тонна балық, 20 тонна ұн мен макарон өнімдері, 2 мың литр өсімдік майы мен 2 тонна сары май, 1 мың литр қымыз, 5 мың литр сусын, 50 мың данадай жұмыртқа, 5 кондитер өнімдері ұсынылмақшы.
Жәрмеңкеге облыстың барлық ауданынан кәсіпкерлер барып, қолжетімді бағамен экологиялық жағынан таза өнімдерін сөреге қоймақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 250 мың тоннаға жуық астық жиналғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).