БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға кеше сағат 14.40-та Деркөл ауылында «Любитель природы» саяжай қоғамының 36-учаскесінде тіркелген.
Сол саяжай қоғамында тұратын 2013 жылғы Н. деген бала ойнап жүріп, қазылған шұңқырға түсіп, батып кеткен. Оны құтқарамын деген Зеленов ауданының 1989 жылғы А. деген тұрғыны да қаза болды.
Қазіргі кезде Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу амалдарын жүргізуде.
Облыстық ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Аягөз Қожанбаеваның айтуынша, кәріз құдығына бала құлап кеткені жөнінде сағат 14.38-де қоңырау шалынған. Оқиға орнына 4 құтқарушы және 1 техникадан тұратын жедел топ жеткен кезде баланы құтқарғысы келген ер адамның да сасық иісті мөлшерден тыс жұтқандықтан, есінен танып, қаза болғаны анықталды. Құтқарушылар арнайы құрылғының көмегімен кәріз құдығына түскен кезде әуелі ер адамның, сосын баланын денесі табылды.
Еске сала кетейік, Оралда бала мен ер адамның септикке батып кеткенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.