ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 12 сәуірде Орал қаласындағы №34 «Балбұлақ» балабақшасының төрт бірдей тәрбиеленушісі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, қазір балалардың барлығы жазылып, балабақшаға қайта барды. Олардың үшеуіне тамақ токсикоинфекциясы диагнозы қойылған болатын. Тексеру нәтижесінде балабақшада жұмыс жасайтын төрт қызметкердің стафилококк ауреус ауруының қоздырғышын алып жүргені анықталды. Олар жұмыстан шеттетіліп, ем алу үстінде.
«Күні бүгін абайсызда адамдардың улануына соқтырған санитарлық ережелердің немесе гигиеналық талаптардың бұзылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Енді соның нәтижесі бойынша тиісті шаралар алынатын болады. Атап айтқанда, іс қысқартылса, жауапты қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал сотқа дейін жеткен жағдайда тиісті үкім шығарылады», деді М.Танауов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).