Оралда балқытылған қарудан 150 кг металл алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «КазАрмаПром» ЖШС зауытында 85 қару балқытылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған шара тоқсан сайын өткізіліп келеді. БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов жетекшілік ететін комиссия қаруды тексергеннен кейін пешке жөнелтті. Соның ішінде 62 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 8 газды тапанша, 3 травматикалық қару, 4 пневматикалық тапанша, 2 шолақ мылтық, 6 дана заттай айғақ жойылды. Мұның бәрі - тұрғындар өз еркімен тапсырған және тәркіленген қарулар.

Балқытылған қарудан 150 кг металл алынды.

Еске сала кетейік, биыл өңір тұрғындарында заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрі және жарылғыш заттарды сатып алуға республикалық бюджеттен 8 млн. 034 мың теңге бөлініп отыр. Өткен жылы тұрғындар 224 атыс қаруын тапсырып, бұл мақсатқа 10 млн. астам теңге жұмсалған болатын.