ОРАЛ. ҚазАқпарат - 29 маусым күні түс кезінде белгісіз екі жігіт Әбілқайыр хан көшесі бойындағы 101-үйінің жанында 1988 жылғы М. деген қыздың мойнынан кулоны бар алтын алқасын жұлып алып, бой тасалаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сол маңда орнатылған бейнебақылау камерасының көмегімен күдіктілер туралы дәл мәліметтер барлық жеке құрамға уақтылы берілді. Соның нәтижесінде қылмыстың ізі суымастан, кісі тонаушылар қолға түсті.
Қазіргі кезле Орал қаласында бейнебақылау камераларының көбеюі көше қылмысын ашуға елеулі түрде септігін тигізуде.
Айта кетейік, биылғы алты айда облыста тонау қылмысы 231-ден 174-ке дейін немесе 24,7 пайызға азайды. Есесіне ашу көрсеткіші 72,6-дан 86,9 пайызға дейін артты. Сол секілді бұзақылық 274-тен 196-ға дейін төмендеп, ашылу деңгейі 80,3-тен 87 пайызға дейін көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).