ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін таңертең сағат 08.00-дер шамасында ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Мұхит көшесі бойындағы «Сбербанк» АҚ ғимаратының алдында орын алды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, үш-төрт адам төбелескен. Сол жер қоршауға алынып, полиция қызметкерлері жұмыс жасады. Соның салдарынан осы маңдағы көшелерде көлік кептелісі болды.
Оқиғаны БҚО Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин растады.
«Қазіргі кезде оқиғаның неден болғанын анықтау үстіндеміз. Тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Ғабдуллин.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 07.29-да шақырылған. Жедел жәрдем бригадасы 07.35-те жеткен. 30 жас шамасындағы ер адам жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Денесінде көптеген жарақаттар болған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).