Оралда дүкен тонап, тұрғынның үйінен 3 млн теңгенің бұйымын жымқырған ұры ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда дүкен тонап, тұрғын үйден 3 млн теңгенің бұйымын жымқырған ұры ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі кезде 28 жастағы тұрғынға қатысты ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық) және 191-бабы 2-бөлігіне (тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдікті 18 қараша күні «На Гвардейской» дүкеніне шабуылдап, 5 мың теңге залал келтіргені үшін қолға түсті.

Тергеу барысында оның бұдан бұрын да осындай қылмысы үшін іздестірілуде жүргені анықталды. Атап айтқанда, 13 қараша күні «Батик» дүкеніне кіріп, сатушыдан бір бөтелке арақ беруді өтінген. Сатушы тауар берейін деп жатқан кезде оның бетіне бұрыш спрейін шашып, кассадан 20 мың теңгені алып кеткен. Сатушы тонаушыны ұстауға тырысқанымен, ол қашып кеткен.

Сондай-ақ жас жігіттің тұрғын үйге кіріп, гауһар және асыл тастар мен алтын бұйымдар, ұялы телефонды, Sony PlayStation ойын консолін ұрлағаны аныұталды. Залал көлемі 3 млн теңге.

Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.