АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласында интимдік қызмет көрсетумен және есірткі заттарын таратумен айналысқан 36 жастағы әйел ұсталды.
ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім еткеніндей, оған қоса жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі шетелдік азамат ұйымдастырған есірткі зертханасы жойылды.
«Жалға алынған үйді тінту барысында синтетикалық есірткі өндіруге арналған жабдық және сатуға дайын 9 килограмм мефедрон тәркіленді. 27 мыңнан астам бір реттік доза айналымға жіберілген жоқ. Қолға түскендер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қостанайлық тұрғынның 2 мың доза есірткімен қолға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).