ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ғимаратқа бомба қойылды деп қоңырау шалған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, кеше сағат 20.30 шамасында әйел адам өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа бомба қойылды деп қоңырау шалған.
Сол бойда ғимарат қоршауға алынып, барлық тиісті іс-шаралар атқарылды. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ, қоңырау жалған болып шықты.
«Жалған қоңырау шалған 1985 жылғы әйел адам ұсталды, қазіргі кезде ҚР ҚК 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Бисенов.
Айта кетейік, аталған бап (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмысқа барған адам бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).