Оралда халықтан 8 млн-ға сатып алынған қарулар балқытылып жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «КазАрмаПром» АҚ зауытында 106 қару балқытылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, соның ішінде 88 аңшы мылтығы, 15 газды тапанша, 1 шолақ мылтық, 1 травматикалық және пневматикалық тапанша балқыту пешіне түсті.

Сондай-ақ 7 электрошокер, 2 пышақ, 1 балта мен ара да бар. Бұлар - тәркіленген, сонымен қатар тұрғындар өз еркімен тапсырған және табылған қарулар.

Балқытылған қарудан 180 кг металл алынды.

Арнайы комиссия қарудың жойылғаны жөнінде акт жасады.

Еске сала кетейік, тұрғындардан қару сатып алуға өткен жылы республикалық бюджеттен БҚО-ға 8 млн астам теңге бөлінсе, биыл 5 млн астам теңге қаралып отыр.

Биыл бұл шара өңірде 10 сәуірде басталды. Тапсырылған, оған қоса тәркіленген қарулар жойылып отырылады.