ОРАЛ. KAZINFORM – «Цифрлық сату» жедел алдын алу іс-шарасы аясында БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 26 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, күдіктінің тұрғылықты жерінен өзіндік иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған бір түйіншек, 9 әйнек құрылғы, электрондық таразылар, зип-пакеттер табылып, тәркіленді.
Бұдан бөлек, ішінен оқшаулағыш лентамен оралған және ақ түсті ұнтақ зат салынған 35 түйіншек тәркіленді.
— Сондай-ақ күдікті полиция қызметкерлеріне есірткі жасырған орындарды көрсеткен, сол жерлерден тағы 10 түйіншек табылып, тәркіленді. Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті үш ай бойы есірткі таратуға қатысы бар интернет-дүкенде курьер болып жұмыс істеген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі саудасымен айналысқан екі студент қыздың ұсталғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Оралда колледждің екі студенті төбелесіп, ауруханаға түсті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).