ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда уланды деген күдікпен төрт бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 12 шілде күні сағат 11.02-де Зачаган кенті Қамбар батыр көшесі 4-үйде болды.
Ата-аналарының сөзіне қарағанда, балалар 9 шілде күні қарбыз жеген. Салдарынан 11, 9, 6 және 1 жасар бала облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр. Оларға өткір гастроэнтероколит деген диагноз қойылды.
Алайда дәрігерлер балалар қарбыздан уланды дегенге күмәнмен қарап отыр. Өйткені арада бірнеше күн өткен.
«Балалар 11 шілде күні ауыра бастаған. Алдымен 1 жасар бала сырқаттанған, бірақ ол қарбыз жемеген. Сондықтан қарбыздан уланғандарына үлкен күмән бар. Қажетті талдаулар алынды, соның қорытындысына сәйкес аурудың нақты себебі белгілі болады», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тағы бір бүлдіршіннің терезеден құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).