ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кәріз-сорғы стансасындағы апат салдарынан бірнеше шағынаудан сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 16 маусым күні сағат 02.00-де Деркөл кентіндегі №19А кәріз-сорғы стансасында насос жабдығы істен шықты.
Сағат 03.00-ден бастап Жаңа орда, Астана, Қадыр Мырза Әли шағынаудандарына су беру уақытша тоқтатылды.
Қазіргі кезде «Батыс су арнасы» ЖШС (6 қызметкер, 3 техника) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Орал қаласы әкімдігі қалпына келтіру жұмыстарымен қатар ассенизаторлық машиналардың көмегімен №17А, №18А кәріз-сорғы стансаларында ағын сулар сорылып жатқанын жеткізді.
Сусыз қалған 9-шағынаудан (Жаңа орда), 7-шағынаудан (Астана) және 5-шағынауданға (Қадыр Мырза Әли) суды тасымалдау ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде екі сауда үйінде өрт шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).