Оралда қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған жаңа мектеп ашылды

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №8 мектеп-лицейі салтанатты түрде ашылды. Ол 1952 жылы салынған апатты мектептің орнына салынды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру жағдайын жақсарту және сапалы білімнің баршаға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.

Фото: Үкімет

Бұған дейін Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан мектеп құрылысына 2,8 млрд теңге бөлген еді.

Фото: Үкімет

Жаңа ғимарат 400 оқушыға шақталып салынған және балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. 

Мемлекет басшысының саясатының арқасында өңірлерде жаңа мектептер ашылып жатыр.

— 2018 жылы 320 орындық мектеп ғимараты апатты деп танылды. Мемлекет басшысының саясаты арқасында сапалы білім беру жолында еліміздің өңірінде көптеген білім ордасы қолданысқа берілді. Соның бірі — облыстық дарынды балаларға арналған № 8 мамандандырылған мектеп-лицейі. 2025 жылы заманауи талаптарға сай, көпқабатты 400 орындық ғимарат қолданысқа берілді. Бұл оқушыларымыз бен ата-аналарымыз және ұжым үшін үлкен қуаныш. Ел Президентіне ерекше ризашылығымызды білдіреміз, — деді дарынды балаларға арналған № 8 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Алима Саурова.

Жаңа мектеп замануи талаптарға сай.

— Бүгін біздер үшін өте қуанышты күн. Мектебіміздің есігі айқара ашылды. Білім ордасы замануи талаптарға сай, барлық құрал жабдықтармен қамтылған. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ата-аналардың атынан алғысымызды білдіреміз, — деді Орал қаласының тұрғыны Анар Бурашева.

Айта кетелік Ақтөбе облысындағы ауылдарда қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық мекемелер ашылған еді