ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кішкентай бала 5-қабат терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 1 маусым күні Зачаган кентіндегі М.Мөңкеұлы 93-мекенжайында болды.
Сағат 15.10-де ата-анасының қарауынсыз қалған 2018 жылғы ұл бала 5-қабаттан құлап кеткені жөнінде хабар түскен. Ашық бас-ми жарақатын алып, бас сүйегі сынған бала ес-түссіз күйінде ауруханаға жатқызылды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баланың сағат 15.40-та көз жұмғанын жеткізді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі де 2,5 жастағы баланың бесінші қабаттан құлап, қайтыс болғанын растады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 3 жасар баланың төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).