ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпірде төрт автокөлік соқтығысып, сонша адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 наурыз күні сағат 11.45 шамасында бірінші және екінші саяжай қауымдастығы арасындағы көпірде болды.
Теректі ауданы Подстепный ауыл бағытындағы жолда екі «Фольксваген Пассат», «Тойота» және «ВАЗ-21015» автокөлігі түйісті.
«ВАЗ-21015» автокөлігі күрт тоқтап, артқы көліктер бір-біріне соқтығысқан.
Оқиға салдарынан «ВАЗ-21015» автокөлігінің 1975 жылғы жүргізушісі, 1967 жылғы жолаушы әйел, 1995 жылғы қыз облыстық аурухананың жарақат пунктіне жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін олар үйлеріне жіберілді.
Барлық автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Жол ережесін бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жол апатынан төрт адам зардап шегіп, олардың бәрі облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Соның ішінде біреуі ауруханаға жатқызылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).