ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында көпірден секіріп кеткен 22 жастағы жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 30 мамыр күні шамамен сағат 15.15-те Шаған өзенінен өтетін көпірде болды.
«2001 жылғы тұрғын «Динамо» спорт базасы маңындағы көпірден секіріп, өзіне-өзі қол жұмсады. Мәйіт Орал қаласының сот-медициналық сараптама орталығына жіберілді. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігіне (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу амалдарын Зачаган полиция бөлімі жүргізуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жасөспірімнің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).