ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпірден секірмек болған 32 жастағы ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 сәуір күні шамамен сағат 15.11-де 2-база ауданындағы көпірде болды.
Көпірден ер адамның секіріп кетпек болып тұрғанын сол маңнан өтіп бара жатқандар хабарлаған.
Ер адамды мұндай қадамға барудан райынан қайтарған БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин құтқарып қалды.
Учаскелік полиция инспекторының сөзіне қарағанда, ер адам бұдан бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны және автокөлік руліне мас күйінде отырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Ол полиция қызметкерлерінің қудалауынан кейін көпірден секірмек болғанын жеткізген. Алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді. Ер адамды медициналық куәландыруға алып кетті. Алдын ала мәліметке қарағанда, ол мас күйінде болған», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).