Оралда көпқабатты үйден өрт шығып, 6 бала құтқарылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бес қабатты үйден өрт шығып, 6 бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: БҚО ТЖД
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 31 мамыр күні сағат 10.25-те «Құрылысшы» шағынауданында болды.
«Төртінші қабатта орналасқан балконда жеке заттар, есік, терезе жақтауы отқа оранды. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құрады. Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланып, 2, 3, 4 және 5-қабаттан автосаты арқылы 6 бала құтқарылды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» сағат 10-45-те оқшауланып, 11.14-те сөндірілді. БҚО ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс 4 күннен бері бықсып жатқанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).