ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қос автокөлік соқтығысып, алты адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға кеше кешкісін Зачаган кентіндегі Е.Брусиловский көшесі бойында болған.
«Шаран» мен жеңіл автокөлік түйісіп, жедел жәрдем сағат 20.43-те шақыртылды. Оқиға орнында екі бригада жұмыс істеді. Алдын ала мәлімет бойынша 1997 жылғы екі жігіт жабық бас-ми жарақатын алған. Оның біреуі қалалық көпбейінді аурухананың хирургиялық, екіншісі жарақат бөліміне жатқызылды. 1969 және 1960 жылғы ер адамдар, 1997 және 1998 жылғы жігіттер амбулаторлық емдеуге жіберілді. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, мәліметтің кейін берілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус автокөлікпен соқтығысып, екі адам жарақат алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).