Оралда лифт шахтасына құлап кеткен 49 жастағы ер адам құтқарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда лифт шахтасына құлап кеткен ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 2 шілде күні С.Есқалиев көшесі 305-мекенжайында орналасқан «Мегастрой» сауда үйінде болған.

Сағат 15.07-де сауда үйінің лифт шахтасына адам құлап кеткені жөнінде хабар түсті.

Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел құтқару жасағының құтқарушылары 1972 жылғы М. есімді тұрғынды альпинистік құралмен алып шықты.

Жұмыс сағат 15.54-те толықтай аяқталды.

Құтқарылған азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ер адамның суға батып кеткенін жазған болатынбыз.