ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ломбардқа қарақшылық шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, Д.Қонаев атындағы шағынауданда орналасқан ломбардқа келген 1984 жылғы А. деген күдікті сондағы қызметкерді пышақпен қорқытып, 105 мың теңгені алып кеткен.
Күдікті сенбі күні ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Ол қамалғанға дейін бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасап, қаржы тартып алумен айналысқан.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, А-ға төрт эпизод бойынша айып тағылып отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Бисенов.
Айта кетейік, қарақшылық шабуыл бейнекамераға түсіп қалған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).