Оралда мас күйде автокөлік басқарған жүргізуші қамауға алынды

Фото: БҚО полиция департаме

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 40 жастағы ер адам жүргізіп келе жатқан «Мазда» автокөлігін тоқтатып, оның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады. Бұл туралы БҚО полиция департаменті хабарлады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тексеру барысында аталған тұрғынның биылғы шілде айында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Ол баласын мектептен алуға бара жатқанын айтқан.

— Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің есірткіге мас күйде болғаны анықталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал автокөлік арнайы тұраққа жіберілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізушіге бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Оған қоса белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін, — деп хабарлады ведомстводан.

Департамент мәліметіне сәйкес, өңірде жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында 1-7 желтоқсан аралығында өткізіліп жатқан «Қауіпті жүргізуші» республикалық жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде мас күйдегі екі жүргізуші ұсталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда интернет-дүкен курьері есірткімен ұсталғанын жазған болатынбыз.