Оралда мейрамханадағы тойға 150-ден астам адам қатысқан

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда сот шешімімен жабылған мейрамханадағы тойға 150-ден астам адам қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Аслан Жармұхановтың мәлім еткеніндей, 8 желтоқсан күні кешкісін «Жұлдыз» шағынауданындағы «Айзат» мейрамханасының банкет залында той болып жатқаны жөнінде тұрғындар хабарлаған.

Мониторингтік топ мүшелері барған кезде ақпарат рас болып шықты.

-Бір сағаттан кейін іштегілер артқы есікті ашқан кезде той қонақтары қашып шығып жатты. Біз 150-ден астам адамды санадық, - деді А.Жармұханов.

Оның сөзіне қарағанда, мейрамхана иесі, музыкант, тойды ұйымдастырушылардан жауап алынды. Тиісті шаралар қабылдау үшін барлық материал Орал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.

«Айзат» - сот шешімімен жабылған алты мейрамхананың бірі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің нақтылауынша, сот шешімімен санитарлық талаптарды қайталап бұзғаны үшін «Айзат», «Альбина », «Мақпал», «Аделя» мейрамханалары, «Гакку», «Марсель» кафелерінің қызметі үш айға тоқтатылған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1,2 мыңнан астам адамның зертханалық тексеруден өткенін жазған болатынбыз.