Оралда өрт кезінде жарылыстан аман қалған құтқарушы оқиғаны баяндады
АСТАНА. KAZINFORM — 12 желтоқсан күні Орал қаласында көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, оқиға сәті әлеуметтік желіде тарады. Кадрдан өрт сөндірушінің өз өмірін қатерге тігіп, қызыл жалынның ортасында қалғанын көруге болады.
Бейнежазбада байқағанымыздай, өрт сөндіруші саты арқылы балконға көтеріліп келе жатады. Алайда сол мезетте күтпеген жерден жарылыс болып, балкон қалқасы ұшып кеткен.
Видеодағы балкон арқылы ішке кіруге әрекет еткен құтқарушы Қуаныш Тілешов екен. Ол жарылыс кезінде кәсіби шеберлігінің арқасында аман қалған.
— Мен сол күні кезекшілікте болғанмын. Біздегі дабыл жүйесіне қоңырау келіп түсті. Өзіміздің қызметтік борышымызды өтеу мақсатында берілген мекенжайға барғанбыз. Басында іште адам бар-жоғын білмедік. Сондықтан жедел түрде шешім қабылдау керек болды. Солай бізге үшінші қабатқа көтерілу туралы бұйрық берілді. Солай жоғарыға көтеріліп, ішке кіріп, барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде газ бен ауа араласып, жарылыс болды. Сол кезде секундтар ішінде шешім қабылдап, балконға жатып, қорғандым. Жарылыс болғаннан кейін іште адам жоқ екенін анықтап, бірден хабар бердім. Ал өзім аман қалдым. Ешқандай арыз-шағым жоқ. Жарақат жоқ, — дейді өрт сөндіруші.
Қуаныш Тілешов жарылыс болған сәттегі әсерін бөлісті.
— Жарылыс болғанда өмірім көз алдымнан өтті. Артымдағы отбасымды ойладым. Оны айтып жеткізу қиын. Бірақ 3–4 секундтың ішінде оның бәрі басылды. Аман екенімді сезгеннен кейін жұмысымды ары қарай жалғастырдым. Жарылыс ас бөлмесінен шықты. Абырой болғанда, пәтерде ешқандай адам болған жоқ, — дейді ол.
Өрт сөндіруші өзін бүкіл қазақстандықтар іздеп жатқанын біраз уақыттан кейін бір-ақ білген.
— Жарылыс болған кезде менің телефоным өшіп қалған. Өрт сөндіріп, жұмыс орныма барғаннан кейін ғана телефонға қарадым. Әріптестерім: «Қуаныш, сені бәрі іздеп жатыр», — деп айтты. Мен бірден отбасымды ойласам, олар: «Сені бүкіл Қазақстан іздеп жатыр», — деп айтты. Сөйтсем, әлеуметтік желіге жарияланған видеодан кейін мені тірі ме, жоқ па деп адамдар хабар ала алмапты. Сондықтан кері байланыс жасауға тура келді. Халық іздеген соң, аман екенімді білдіріп, хабарладық, — дейді ол.
Айта кетейік, Жезқазғанда тұрғын үй өртеніп, 80-ге жуық адам эвакуацияланды.