ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда өрт сөндірушілер оттың ортасынан екі газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиев мәлім еткендей, оқиға бүгін 2-саяжай қоғамдастығы аумағында орын алды.
«Коммунальник» бау-бақша серіктестігіндегі саяжайлардың бірінде сағат 09.53-те вагон жанды.
Өрт аумағы 25 шаршы метрді қамтыды. Қауіп-қатерге қарамастан, өрт сөндірушілер лаулаған оттың ортасынан екі газ баллонын алып шықты.
«Тілсіз жау» өрт сөндірушілердің күшімен (5 адам, 1 техника) сағат 10.35-те ауыздықталды.
«Тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды өтіне отырып, соның ішінде газ баллондарына аса мұқият болу керектігін айтқымыз келеді. Өйткені осындай оқиға соңғы үш күннің ішінде екінші рет қайталанып отыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өрт сөндірушілердің жалын ішінен екі газ баллонын алып шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).