Оралда өрт сөндірушілер жалын ішінен екі газ баллонын алып шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында өрт сөндірушілер от құшағынан екі газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің мәлім еткеніндей, өрт 26 сәуір күні сағат 03.10-да Ғ.Тоқай көшесіндегі жеке үйдің ауласында орын алды.

Шаруашылық құрылысы мен «ВАЗ-2104» автокөлігі отқа оранды. Өрт аумағы 70 шаршы метрді қамтыды.

Оқиға барысында тұрмыстық газ баллондарының жарылуы мүмкін еді. Өз бастарын қатерге тігіп, жедел де батыл қимылдаған өрт сөндірушілер екі газ баллонын от құшағынан алып шығып, апатқа жол берген жоқ.

Өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.


Сағат 04.46-да ауыздықталған өртті сөндіруге 14 адам, 4 техника жұмылдырылды.

«Қазіргідей төтенше жағдай кезінде тұрғындардан қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды өтінеміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында қатты желдің дүкеннің шатырын жұлып әкеткенін, Оралда 10-қабаттан ер адамның секіріп кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар