Оралда оталған ағаштардың орнына өтемдік көшеттер отырғызу нәтижесі неге көңіл көншітпейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында оталған ағаштардың орнына өтемдік көшеттер отырғызу мәселесі экологтарды алаңдатып отыр.

Фото: Дәурен Сахариев

«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің мәлім еткеніндей, жуырда экологтар Зачаган кентіндегі Орал-Саратов трассасы бойында «Меркурий» сауда үйі (қазір «Мастер дом») маңындағы өтемдік көшеттер отырғызылған алқапты тексеріп шыққан болатын.

Фото: Дәурен Сахариев

- Егілген тал-теректердің бәрі қурап кеткен. Суарылмайтын маң далада ағаш отырғызу жөніндегі шешімді кім қабылдаған, бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан жасыл желекке салғырт көзқарастың нәтижесі деп білеміз. Қазіргі кезде «Ақжайық» шағынауданын Орал қаласымен жалғастыратын жаңа көпір құрылысы басталып жатқаны белгілі. Соған орай 1 мыңнан астам ағаш кесілмекші. Соның орнына 10 мыңнан астам өтемдік көшет отырғызылуы керек. Сауда үйін салған кездегі жағдайдың кебін кимес үшін біз бұған қоғамдық бақылау орнатудамыз. Шын мәнісінде нақты жоба жасап, оны дұрыстап жүзеге асыра білсе, өтемдік көшеттер есебінен Орал қаласын көгалдандыруға болады, - дейді Д.Сариев.

Фото: Дәурен Сахариев

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бұрынғы «Меркурий» сауда үйі аумағында көгалдандыру аясында ағаш көшеттері отырғызылған. Алайда қыс-көктем мезгілдерінде таудан түсетін су ағыны салдарынан аумақтың бір бөлігі шайылып, көшеттердің бірқатары сақталмаған.

Фото: Дәурен Сахариев

Қазіргі уақытта көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу мақсатында Деркөл және Зачаган кенттері, сондай-ақ қала аумағында нақты учаскелер белгіленіп жатыр. Алдағы уақытта көшеттер жоспарлы түрде отырғызылып, олардың күтіп-ұсталуы мен жағдайына тиісті бақылау жүргізіледі.

Екінші мәселе, «Ақжайық» шағынауданымен жалғастыратын «Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысы» жобасын іске асыру аумағында жалпы саны 1 150 жасыл желек, соның ішінде ағаштар мен бұталар бар. Бұл мәлімет жасыл желектерді есепке алу актісіне сәйкес көрсетілген.

Фото: Дәурен Сахариев

Қазіргі таңда нысан аумағында құрылысқа дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Жұмыс жүргізілетін аумақта кесілмеген шамамен 100 жасыл желек қалды. Оның басым бөлігі – бұталар, сондай-ақ көлемі әр түрлі ағаштар бар.

- Қолданыстағы талаптарға сәйкес кесілген әр ағаштың орнына 10 өтемдік көшет отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты жалпы саны 1 150 жасыл желекті ескере отырып, шамамен 11 500 дана өтемдік көшет отырғызу жоспарлануда. Өтемдік көшет отырғызылатын орын айқындалу үстінде. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды Орал қаласындағы «Ақжайық» тұрғын алабын дамытуға бағытталған жаңа жобалар аясында жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Өтемдік көшет отырғызылатын нақты орын мен жұмыстардың мерзімі белгіленген тәртіппен қосымша анықталып, тиісті ақпарат беріледі, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаштың неге жерсінбей қурап кететінін жазған едік.

Сондай-ақ эколог әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық етпейтіні жөнінде әңгімелеп берді.