Оралда полиция көлігі «Sharanмен» түйісті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін полицияның «Нива» автокөлігі «Sharanмен» түйісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға сағат 10.40 шамасында Достық пен Еуразия даңғылдарының қиылысында болды.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиғаға куәгер болғандар полиция қызметкерлерінің әріптестерінің келуін күтпей, өз көлігін орнынан қозғап, алып кеткендігін жеткізді.

Бұған департаменттің баспасөз қызметі: «Полиция қызметкерлері оқиға орнынан бой тасалаған жоқ. Тек басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жолдан қызметтік көліктерін алды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасады. Аталған дерек Орал қаласы полиция басқармасының есеп журналында тіркелді», деп жауап берді.