ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда полиция қызметкері полиция ғимаратында атылып өлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат шамамен 07.40-та Орал қаласы полиция басқармасының ғимаратында болды.
Ғимаратты күзету тобында қызмет атқарған 20 жастағы полиция кіші сержанты бекітілген табельдік қарудан өзін-өзі атып өлтірді.
Аталған полицей ішкі істер органдарында биылғы мамырдан бері қызмет атқарған. 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың осы айына дейін әскери борышын өтеген.
Қызмет атқарған кезінде өзін жақсы қырынан көрсеткен.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қызметтік тексеру басталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын полицейдің қатысы бар жол апатынан зардап шеккен 6 айлық қыз баланың жағдайы өте ауыр екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).