ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полиция қызметкері таяқшасын автокөлікке лақтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға бейнежазба арқылы әлеуметтік желілерде таралды.
Бейнежазбада әйел даусы жолға белгі қойылып, жұмыстар жасалып жатқандықтан, өзінің үйіне баруға автокөлігін Нұрлан Дүйсенов деген полиция қызметкерінің жібермегенін айтады. Онымен қоймай, полиция қызметкері автокөліктің кілтін алып алған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, патрульдік қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Н.Дүйсенов 13 қыркүйек күні Еуразия мен Н.Назарбаев даңғылдары қиылысында таяқшаның көмегімен жол қозғалысын реттеген.
Атап айтқанда, жаяу жүргінші өткелін жарықтандыру үшін металл конструкциясын орнату жұмыстары жүргізілуіне байланысты Н.Назарбаев даңғылынан Алмазов көшесіне қарай жол қозғалысы шектелген.
Қызметтік міндетін атқару кезінде Н.Дүйсенов мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережесін бұзуға жол берген. Ол 1990 жылғы Елизавета Покатилоға тиесілі «Фольксваген Пассат» автокөлігінің кілтін алып алған. Сондай-ақ тыйым салынған белгіге қарамастан, осы тұстан тоқтамай өтіп кеткен «Газель» автокөлігінің (инкассатор) артынан таяқшасын лақтырған.
«Аталған оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы кейін айтылатын болады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).