ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда пойыз келе жатқанына қарамастан, теміржол өткелінен өтіп кетпек болған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, әлеуметтік желіде теміржол өткелінде тұрған автокөлік жүргізушісінің оғаш әрекеті туралы видео таралған болатын.
Аталған жүргізуші пойыздың келе жатқанына қарамастан, Mitsubishi автокөлігімен теміржол өткелінен өтіп кетпек болған.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушінің Орал қаласының 40 жастағы тұрғыны екендігін анықтады.
Жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 230-бабы 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) және 607-бабы 1-бөлігіне (темiржол өтпелерiнен өту қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, биылғы алты айда өңірде 154 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 33 адам қаза тауып, 171-і түрлі жарақат алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).