Оралда Президент шыршасына 200 бала қатысты

Орал қаласында ҚР Президенті атынан «Қош келдің, жаңа жыл!» атты жаңажылдық шырша өткізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Диас Закбаев, Азамат Ұзақов

Жаңажылдық шыршаға 9 бен 13 жас аралығындағы облыс аудандары мен қаладан 200 бала қатысады. Олардың арасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, даму мүмкіндігі шектеулі, мүгедек жеткіншектер, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және дарынды балалар бар. 

Бүлдіршіндер би алаңына шығып, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен мерекелік әсерге бөленді. Балаларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, шынайы лебізін білдірді.

«Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ерекше мерекеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін, сендер секілді жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Яғни, балалар мен жасөспірімдер үшін жайлы балабақшалар, заманауи мектептер салынып, инновациялық орталықтар, оқушылар сарайлары және спорт кешендері ашылуда. Түрлі үйірмелер мен секциялар да ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да көптеген жаңа жоба қолға алынады. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жалғасын табады. Осылайша, сендердің Отанымыздың мықты да беделді азаматы болып қалыптасуларың үшін барынша мүмкіндік жасалады. Ең басты күш – білімде екенін ұмытпаңдар!», - деді өңір басшысы. 

Ертегі кейіпкерлері ретінде киінген балалар әкіммен бірге шыршаны айнала би билеп, ән шырқады.

Қазақстан Президенті атынан жаңажылдық шыршаға қатысушының әрқайсысына 108 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар балалар «Кім патша?» атты қазақша және орыс тілінде «Аяз ата демалыста» қойылымын тамашалады.