Оралда ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласында полицейлер ірі көлемде ақша ұрлады деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстады.
Полиция мәліметінше, күдікті 6-20 сәуір аралығында жәбірленушімен таныстығын пайдаланып, оның пәтеріне еркін кіріп, жатын бөлмеден ақшаны жасырын түрде алып кеткен.
– 45 жастағы облыс тұрғынына келтірілген жалпы шығын 1,6 млн теңгеден асты. Ұрланған қаражаттың ішінде ұлттық және шетел валютасы болған, – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, ақшаны қарыздарын өтеуге жұмсағанын айтқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, полиция азаматтарды жеке мүліктің сақталуына мұқият болуға және күмәнді жағдайларда құқық қорғау органдарына жедел хабарлауға шақырады.
Бұған дейін 230 мың доллар ұрлаған күдікті әйел Грекиядан елге экстрадицияланғаны хабарланды.