Оралда рейд кезінде айыппұлын төлемей жүрген 24 көлік ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, жалған мемлекеттік нөмірлер тағып, әйнектер күңгірттелген, сондай-ақ айыппұлы бар жүргізушілерді анықтау мақсатында арнайы рейд жүргізді.

БҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара барысында иелері 290 мың 327 теңге айыппұл «арқалаған» 24 автокөлік ұсталды. 2 автокөлік ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 797-бабына сәйкес айып тұрағына қойылса, қалғандары айыппұлын сол жерде төледі. Сонымен қатар «тұтқындалған» 1 автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 612-бабына сәйкес  көлік жүргізу құқығынан айырылса да, иелері айдап жүрген 3 көлік сондай күй кешті.  590-бапқа сәйкес күңгірттелген әйнектері бар 6 көлік те алысқа кеткен жоқ.

Осындай рейдтік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында өткізілмек.

Еске сала кетейік, биылғы сегіз айда 2316 автокөлік айып тұрағына қойылып, соның нәтижесінде 25 млн. астам теңге айыппұл өтелген болатын.