Оралда салынып жатқан жайлы мектеп құрылысы неліктен кешеуілдеді

Фото - Samruk-Kazyna Construction

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Жәңгір хан көшесі бойында 600 орындық мектеп құрылысы өткен жылы басталған еді.

Бастапқыда «Жайлы мектеп» (қазір «Келешек мектептері») жобасы аясында қолға алынған мектеп құрылысын 2024 жылдың соңында бітіру көзделгенімен, ол созылып кетті. 

Осының себебін білу үшін Kazinform тілшісі тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға ресми сауал жолдады. 

Компания баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мердігер — «Жайық жарығы» ЖШС.

Жергілікті атқарушы органдармен жайлы мектептің жер учаскесі ауыстырылғандықтан, компаниямен келісім-шарт тек 2023 жылдың қарашасында жасалып, құрылыс жұмыстарына дайындық басталды. 

— Қыстағы қолайсыз ауа райына байланысты нысан іргетасын құю 3 айға шегеріліп, 2024 жылдың көктемінде жалғасын тапты. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға аяқталған. Қазір нысанның қасбетін қаптау, ішкі инженерлік желілерді тарту, ішкі әрлеу және абаттандыру бойынша шаруа атқарылып жатыр. Білім ошағы бойынша жұмыс биылғы жылдың 30 тамызына дейін толық аяқталып, жаңа оқу жылында нысан есігін айқара ашады, — делінген ресми жауапта.

Samruk-Kazyna Construction-нан түскен мәліметке қарағанда, «Келешек мектептері» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында аталмыш білім нысанына қоса Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы 1 200 орындық және Байқоныстағы 600 орындық мектеп те 30 тамызға дейін қолданысқа тапсырылады. 

Сондай-ақ Бөрлі ауданы Пугачев ауылы мен Ақсай қаласындағы М.Ықсанов көшесіндегі 300 орындық мектептер 30 қазанға дейін пайдалануға берілмекші. 

Сол секілді Ақсай қаласының 13-шағынауданындағы 900 орындық мектеп құрылысы биылғы 15 желтоқсанға дейін аяқталмақшы. 

Оралда Жәңгір хан көшесі бойында бой көтеріп жатқан мектепте «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде тұратын балалар оқитын болады.

Серіктестік тұрғындары жаңа білім ошағының ашылу сәтін асыға күтуде. Өйткені балалардың Зачаган кентіндегі Ә. Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейіне және Бортаудағы № 18 мектепке қатынап оқуы қиындық келтіріп келеді.

Ә. Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің директоры Ақұштап Сүйінғалиеваның айтуынша, «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінен 1 070 оқушы білім алып жүр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асып жатқанын жазған едік.